Posted by: zhankuier | Шілде 15, 2011

Бәрі есімізде


 

 

  5 жыл бђрын, шілденің он төртінде қазақтар үшін қасиетті «шаңырақ» ұғымына тағы бір мағына берілді.  Алматыдағы «Шаңырақ» ықшамауданындағы қантөгіс бұл сөзге енді ашыну, қарсылық, мейірімсіздік деген секілді рең берді.

Бес жыл өтсе де, бәрі есімізде…

Атышулы оқиғаның сәл алдында, «Бақай» ауылындағы оқиғалар да көз алдымда тұр. Сол кезде, әкімдіік заңсыз деп таныған үйлер бірінен соң бірі бульдозердің табанында жаншылып жатты. Сондағы үй деп айтуға келмейтін, шағын саман лашықтың иесі жесір келіншектің зар жылағаны есімде. Нұрсұлтан мен Сара есімді балалары шешелерінің етегіне оралып, қыстығып көз жастарын төккені де есте. Үйін бұзуға келгендерге әлгі әйел «менен құжат сұрайсыңдар, менің және балаларымының қазақ болғаны құжат емес пе? » -дегені құлақтан кетпейді. Жылаған дауысты ауыр техника моторының даусы басып кетті. Тек үшінші мәрте соққанда барып құлаған тамның астында бір отбасының жақсыы өмірге деген үміті басылып қалды. Сонда тұрған жас та болса, қозы қарын байлап алған сот орындаушының жауабы да ұмытылмайды. «Жесір әйелмін дейді еще, үйін мықтап салғанын қарашы» -деп мысқылдады ау.

 Одан кейін «Шаңырақ». Айтпақшы, бұл оқиғалардың алдында ғана қаланың сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетов шаңырақтықтарға келіп, презиидент сайлауында бір адамға дауыс беруге үгіттеген еді. Мәселелерін шешіп беретінін айтып, домбырада күй де тартты.

 Кейін, күйін тыңдаған қауымды «әлеуметтік аутсайдерлер» деп атағаны да ұмытылмайды. Сол оқиғаға дейін бұрынғы география пәнінің мұғалімін өз басым сыйлайтынмын. Сол кезге дейін, оны қазақ тілі мен руханиятының, демек қазақ халқының жанашыры деп танитынмын. Ал енді, Шаңырақтағы оқиғалардан кейінгі пікірімді ешкім өзгерте алмайды. Мүмкін, Иманғали Тасмағамбетовпен сұхбат алудың реті түсер, сонда түсіндіріп берер. Ал әзірге, бес жыл бұрынғы оқиға ештеңені ұмытқызар емес.

 «Шаңырақ» оқиғаларына дейін, сол аудандағы жер үлестерін қала әкімдігінің үлестіріп бергені де есте. Аймақтағы тоқыраған қалалар мен ауылдардың тұрғындары Алматыға ағылды. Тұрмыс тауқыметінен арылу үшін, бала-шағаның болашағы үшін деген талай отбасы Алатаудың бауырына кеп тығылды. Көбісі, Алматының қара халық тұратын «Гарлеміне» айналған «Шаңыраққа» кеп баспана салды.

  Заңды деген мөр басылған қағаз елдің қолында жүрді. Бірақ, сол кезде ешкім тексермеді. Қайтіп тексереді? Адам өзі берген құжатты өзі тексере ме?

 Сол жазда жердің бағасы аспандап кеткені де есте. Жердің бағасы күйіп кетті емес пе?

 Сол кезде, «Шаңырақтың» орнына  әлдекімдер үлкен коттедж қалашығын салады-мыс деген де әңгіме тарағанын ұмытқан жоқпыз.

  Полицияның енді шабуылдамаймыз деп уәде беріп, артынша жаңа күшпен айқасқа шыққаны да бар. Резина оқтармен атып, шулы граната жарғандары даа ұмытылмады. Кейін дүйім халықты өтірікші атап, оқ атпадық деп ақталғаны, кейін дәлелдер пайда болғанда үнсіз қалғандары да есте.

 Бейсеновтің қазасы, Шаңырақ оқиғасына қатысушылардың үстінен болған сот, үкім, қуғындау бәрі есімізде. Президент сол кездері демалыста болды, ішкі істер министрі  Бауыржан Мұхамеджанов та үн қатпады.

 Ал, Шаңырақтағы қырғын ұмытылмады. Оны сотталғандардың туыстары да, «Шаңырақтың» тұрғындары да, өлген жас полицейдің жақындары да ұмытпады. Бәрі есімізде. Бұл оқиғаны билік те есінен шығармады деп үміттенем.     

                      


Пікір қалдыру

Санаттар